Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Дәрмек» іс-шарасы кезінде психотроптық препараттарды сатқан 6 адам анықталған.
«Ішкі істер министрлігінен лицензия алған кәсіпкерлік субъектілердің есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорларды сақтауға арналған нысандары мен техникалық нығайтылуы бойынша қойылатын талаптарына тексеру жүргізілді. Тексеру кезінде Атырау қаласында орналасқан мұнай бұрғылаумен айналысатын компанияның прекурсорларды сақтайтын қоймасының техникалық нығайтылуы заңды талаптарға сәйкес келмейтіні анықталып, 9 884 тонна тұз қышқылы тәркіленді. Осыған байланысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 427-бабының 1-бөлімімен іс құжаттары жинақталып, процессуалды шешім қабылданып жатыр. Сондай-ақ, аталған құжаттың 426 және 464-бабының 1-бөлімінде көрсетілген әкімшілік құқық бұзу фактісіне жол бергені үшін дәріхана мен ЖШС ұйымдарына арнайы іс құжаттар жинақталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Атырау қаласында жүйкеге күшті әсер ететін, ашық сатуға тыйым салынған трамадол және тропикамед психотроптық препараттарын заңсыз сатып жүрген 6 адам ұсталған.
Олардан 264 трамадол, 183 тропикамед дәрілік препараттары тәркіленіп, ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 426-бабының 1-бөлімімен хаттама жасалды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда іздеуде жүрген күдікті психотроптық дәрілерді заңсыз тасымалдағанын хабарлаған болатынбыз.