Атырауда трансұлттық ұйымдасқан топ мүшелері сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында заңсыз көші-қон жолын ұйымдастырған 5 Қазақстан мен Ресей азаматтарына қатысты қылмыстық істі қарады.

Олар2015 жылдың қазаны мен 2016 жылдың наурыз айы аралығында Ауғанстан Ислам Республикаларының азаматтарын транзитпен Қазақстан, әрі қарай Мурманск облысындағы «Солтүстік маршрут» деп аталатын Ресей-Финляндия шекарасы арқылы Ресей, Еуропалық Одақ елдеріне жеткізіп отырған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстық ҰҚКД  анықтағандай, ұйымдасқан топ шетел азаматтарын арнайы жасақталған жоспар бойынша тасымалдаған және қылмыстық топтың барлық мүшесінің атқаратын қызметтері нақты бөлінген.

Шетел азаматтарын арнайы тасымалдау үшін оларды Қазақстан-Ресей шекарасына жеткізетін такси жүргізушісін жалдаған. Қылмыстық топ басшысы Р.Ж. және тергеуде анықталмаған Ресей Федерациясы мен Ауғанстан Ислам Республикасының азаматтары болған.

Сот үкімімен төрт сотталушы ҚР ҚК-нің 264, 394 баптары бойынша кінәлі деп танылды. Сотталушы Р.Ж.-ға түзеу колониясының қатаң режимінде 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы, қалған сотталушылар А.Т., К.К., О.М-ға мүліктерін тәркілей отырып, түзеу колониясының жалпы тәртібінде 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Таксист рөліндегі тағы бір сыбайлас А.Б.-ға адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы заңсыз көші-қонды ұйымдастырғаны үшін 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.