Атырауда тұмау тиген 4 жүкті әйел жансақтау бөліміне жеткізілді
4 әйел денсаулық жағдайының қиындығына байланысты жансақтау бөліміне жеткізілді. Оның екеуіне жоғары білікті мамандардың көмегі қажет болғандықтан Алматы қаласына жіберілді. Қалғандарына облыстық аурухананың өзінде көмек көрсетілді, деп хабарлады облыстық Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жетекшісінің орынбасары Ерболат Уайсов.
«Биылғы жылы біздің аурухана үшін тұмауға қарсы құны 26 млн теңге болатын 30 416 доза вакцина алынды. Бұл қаржыға бірінші кезекте жиі ауыратын медицина қызметкерлері, жиі ауыратын жасы 6 айдан асқан балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жүктілігі 2-3 айға жеткен әйелдер егілді»,-деді Уайсов селекторлық мәжіліс барысында.
Алайда, вакциналардың бұл көлемі облыс үшін жеткіліксіз. «Біздің есебімізше алдымен бюджет есебінен вакцинаны 37 мың адам алуы керек болатын. Ол үшін біз 34 млн теңге сұрадық. Бірақ, бізге небәрі 26 млн теңге бөлінді. Осыған қарай вакцина егілген адамдар саны да аз болды. Тұмау әдетте қазан айынан наурыз айына дейін тарай береді. Алдыда қыс мезгілі. Оның үстіне ол биыл суық болады деген болжам да бар. Ал, мемлекет есебінен алынған вакциналар бітті»,-деді Уайсов.