Атырауда түнде балконда жылап тұрған 5 жасар бала құтқарылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда түн ортасында балконда жылап тұрған бала құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 5 жасар бала үйінде қараусыз қалған.

Жедел құтқару жасағының құтқарушылары түнгі сағат 02:53-те Атырау қаласының Авангард-3 шағынауданындағы №38 үйдің балконында 5 жасар бала жылап тұрғанын анықтады.

Бес жасар баланы ата-анасы үйде қараусыз қалдырған.

«Балконға өрт сөндіруге арналған автосатымен көтерілген жасақ қызметкерлері баланы құтқарып, полиция қызметкерлеріне тапсырды» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Кейіннен анасы баласын үйіне алып кеткен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда өрт шыққан үйден 4 бала құтқарылғанын хабарлаған едік.