Жәрмеңкеге барлығы 150 кәсіпкер қатысты. Оның 130-ы «Сарайшық» кәсіпкерлері, ал қалған 20-сы көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлер. Сондай-ақ, Махамбет, Индер ауданынан келген көкөніс сатушылары өз өнімдерін халыққа ұсынды.
Атырау қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Алтынай Сәрсенқызының айтуынша, жәрмеңкедегі өнімдер қазіргі базар нарығынан 20-30 пайызға арзан бағамен сатылып жатыр. Әдетте ет 1 500 теңге болса, бүгінгі баға 1 300 -1 350-ге түскен, қазы - 2 000, жұмыртқа 19 теңге бағасы қойылды. Ал, алғашқы 45 минутта сатылған 5 тонна картоп сауданы қыздыра түсті.
«Бүгінгі жәрмеңкеде әр кәсіпкер әртүрлі жеңілдіктер жасап жатыр. Сол үшін бұл жәрмеңкенің өткізу уақыты халықтың ыңғайына қарай таңдалды. Сондай-ақ, бұл жерге жиналған көп тұрғынның барып-келуін арнайы екі маршрут қамтиды. Тұтынушыларды таситын Сарайшық базары-Авангард ықшам ауданы, Сарайшық базары-Академия аялдамасы араларын жалғайтын 6 автобус шығарылды», - деп мәлімдеді Атырау қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Алтынай Сәрсенқызы.
Айта кетейік, халықтың ұсынысы бойынша ертең күндіз бұл жәрмеңке өз жалғасын табады. Жаңа жыл қарсаңына осындай жәрмеңкені өткізу жоспарлануда.