«Атырау қаласындағы марафон жылына бір рет өткізіледі. Ал түнгі марафонды қаланың тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын арттыру үшін ұйымдастырдық. Бұл, жастардың спортпен тұрақты айналысуына үлкен мүмкіндік береді. Түнгі марафонға қатысушылардың дені жастар. Арасында қарттар да аз емес. Осындай спорттық шаралар арқылы жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыра аламыз», - дейді «Atyrau Marathone-2018» ұйымдастыру комитетінің вице-президенті Юрий Пономарев.
Тұңғыш рет ұйымдастырылған түнгі марафон мұз сарайының алдынан басталып, Атырау облыстық әкімдігі ғимаратына дейін 5 шақырымға созылды.
Нәтижесінде, Атырау марафонының тұрақты қатысушысы 24 жастағы Базарбай Дәуталиев жеңіске жетті. Оның жеңіл атлетикамен айналысқанына 5 жылдан асқан. Базарбай жеңімпаз медалін мойнына тақты.
Барлық қатысушыларға сөре алдында неон білезіктер, ал мәреге жеткен соң естелік медальдар берілді. Сондай-ақ, ерлер мен әйелдер арасында үздік келген 10 қатысушыға арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Жарыс ұйымдастырушыларының айтуынша, мұндай марафондар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.