Атырауда түрлі түсті металды заңсыз қабылдайтын орындарды жабу көзделуде
Тұрғын үйлерден металл бұйымдардың ұрлануы жиілегеніне байланысты шағымдар көбейіп кеткендіктен қалалық әкімдік заңсыз металл қабылдау қызметін анықтап, жоюды қолға алмақ ниетте.
Қалалық әкімдікте өткен аппарат жиналысы барысында коммунальдық қызмет қала басшысына металл бұйымдарды ұрлайтындардың әрекетін айтып шағымданды.
Атырау қалалық «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС директоры Зүлқағида Наубековтің айтуынша, қаскүнемдер Нұрсая ықшамауданындағы
№14а үйдің алты лифтісінің металл арқаны мен қозғалтқышын ұрлап, істен шығарған.
Қала әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлының айтуынша, облыс орталығындағы барлық металл қабылдау орындары иелерінің кәсіптік осы түрімен айналысуына берілген лицензиясын тексеретін рейд жүргізу керек. Жұмыс тобының құрамына құқық қорғау органдарының, салық департаментінің өкілдері, депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері енгізілуі тиіс.
«Егер мұндай бөлімшелердің иелерінің тиісті лицензиялары болмаса, аумақтарында жиналған барлық металдарды тәркілеу керек, өйткені заңсыз бизнестің кесірінен адамдар зардап шегіп отыр. Біз өз тарапымыздан металды тиейтін техниканы береміз», -деп мәлім етті қала басшысы.
Алимұхаммед Құттұмұратұлына, сондай-ақ, кәріз құдықтарының шойын қақпақтарын ұрлау көбейіп кеткені туралы да айтылды. Олар қара және түрлі түсті металл қабылдау орындарынан табылып жатады. Бұл проблеманы шешудің баламалы жолы ретінде қаладағы барлық темір қақпақтарды резина немесе бетон түрлеріне ауыстыру ұсынылды.