ОРАЛ. ҚазАқпарат - Атырауда Ұлттық ұлан жауынгері түрмедегі бауырына келген азаматшаны тексерген кезде марихуанаға және ақ түсті гашишке ұқсас есірткіні тапты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 5546-әскери бөлім сержанты Эльмира Бегімбаева 3 мамыр күні сағат 12.30 шамасында қылмыстық-атқару жүйесі УГ 157/9 мекемесінің қызметкерлерімен бірге сотталған У-ға келген С. деген азаматшаның жеке заттарын қараған. Сол кезде құрттың арасынан марихуанаға ұқсас өсімдік заты, сондай-ақ ақ түсті гашиш іспеттес ұнтақ шыққан. Тыйым салынған заттардың тәркіленгені жөнінде бірлескен акт түзіліп, түзету мекемесі қызметкерлеріне берілген, сол бойда оқиға орнына Атырау қалалық ішкі істер басқармасының жедел тергеу тобы шақыртылған.
Қырағылығы мен кәсіби шеберлігі үшін Ұлттық ұлан жауынгері ынталандыруға ұсынылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).