Атырауда кәсіпкерлермен кездесуде құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелі талқыға түсті. Кездесуге 87 құрылыс компаниясының, жобалау, техникалық бақылау және қадағалау мекемелерінің өкілдері қатысты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаменті превенция басқармасының басшысы Жәнібек Қаражановтың айтуынша, бұл салада жекелеген компаниялардың жеңімпаз болатыны анықталған.
«Техникалық қадағалауды жүргізу қызметіне мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің нәтижесі бойынша жекелеген компаниялар ғана жеңімпаз болады. Мұндай компанияларда осындай жұмыстарды жүргізу үшін қажетті техникалық жабдықтың барына күмән туындайды. Мәселен, шағын кәсіпкерлік субъектісі 2022 жылы 3,6 млрд, ал 2023 жылы 1,2 млрд теңге сомасына шарт жасасты. Алайда осы кәсіпкерлік субъектісінің меншігінде барлығы 3 жеңіл автокөлік тіркелген. Бүгінгі таңда кәсіпкер мемлекеттік органдармен 1 286 шартқа отырған», -деп хабарлады Жәнібек Қаражанов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда былтырдан бері 3 мектепті күрделі жөндеу баяу жүріп жатқанын хабарлаған болатынбыз.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл Байдошевтың мәліметінше, былтыр 6 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізуге 2 млрд 145 млн теңге қаралған. Оның үшеуінің жөндеу жұмыстары әлі күнге аяқталмаған.
Кейін 6 мектептегі жөндеу жұмысы жыл соңына дейін жалғасатынын жазған едік.