Атырау қалалық №2 сотында құрамында есiрткi заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсірген екі айыпталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Олар ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен айыпталған.
«Айыпталушылар адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен Атырау қаласында орналасқан үйдің жертөлесінде есірткі затын заңсыз өсірген. Олардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындысымен, жедел-іздестіру шараларының нәтижелерімен дәлелденді. Сотталушы Е. кінәсін ішінара мойындады. Ал, сотталушы Т. тағылған айыппен келіспеді», -деп хабарлады №2 соттың баспасөз қызметі.
Прокурор сотталушыларға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды ұсынған. Алайда, сотталушы Е. және қорғаушылар бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза түрін тағайындауды, ал сотталушы Т. және қорғаушылар ақтау үкімін шығаруды сұраған.
«Жаза тағайындау барысында Е.-нің қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде оның кінәсін мойындап, шын ниетпен өкінгені, асырауында жас балаларының бары ескерілді. Ал, Т.-ның қылмыстық жауаптылығы пен жазасын жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сот үкімімен сотталушылар Е. және Т.-ға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда соңғы 2 жылда 18 мың данадан астам психотропты дәрі тәркіленгенін жазған едік.