Атырауда үйдің қоршауына соғылған қоқыс таситын көлікті шетелдік басқарған
Рульде болған Өзбекстан азаматына қатысты іс Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 3-бөлігімен қаралды.
«Өзбекстан Республикасының азаматы К. алкогольдік масаң күйде «КамАЗ» маркалы көлік құралын басқарғаны анықталды. Жүргізуші көлікпен әуелі электр бағанасына соғылған. Соққының екпінімен тұрғын үйдің шарбақ қоршауын бұзып, аулада тұрған жеңіл көлікті бүлдірген.
«Құқық бұзушы кінәсін мойындады. Сот отырысында сотталушының кінәсі зерттелген іс материалдарымен, атап айтқанда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, жәбірленушілердің айғақтарымен, медициналық куәландыру қорытындысымен, бейнежазбамен толық дәлелденді», - деп хабарлады аталған соттың баспасөз қызметінен.
Сот қаулысымен Өзбекстан азаматы К. әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда мас жүргізуші қоқыс таситын көлікпен тұрғын үйдің қоршауына соғылғанын жазған едік.