Атырауда вокзалда «жасырын сатып алушылар» нені анықтады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - 18-21 шілдеде облыстық арнайы бақылау тобы Атырау облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментімен бірлесіп, Атырау вокзалында қазақстандық теміржол компанияларының жұмыс сапасын тексерді.

Жолсеріктердің орын сату фактілері мен делдалдарды анықтау үшін «жасырын сатып алушы» әдісі қолданылды. «Атырау - Маңғышлақ», «Ақтөбе - Маңғышлақ», «Атырау - Алматы» бағыттары бойынша кассаларда билет қалмаса да, пойыздарда бос орындар болған. Жолаушылар жолсеріктермен келісуге мәжбүр болған.

Осылайша, «жасырын сатып алушы» «Атырау - Алматы» пойызына Шымкентке дейін жетіп алу үшін 20 мың теңгеге билетсіз жол жүру туралы келіскен. Ал, билеттің құны 10350 теңге болған. Бұл тәжірибе басқа да бағыттарда қолданылып жатыр. Тағы бір «жасырын сатып алушы» «Ақтөбе - Маңғышлақ» пойызына Құлсары стансасынан Маңғышлақ стансасына дейін билетсіз жетіп алу үшін 5 мың теңгеге келіскен. Бірақ, билеттің құны 3 мың теңгені құраған.

Атырау облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, осы жағдай жемқорлық қаупін анықтап, жолаушылар мен жолсеріктер үшін қолайсыз жағдай туындатып отыр. Соның салдарынан жолаушылар пойызда билетсіз жол жүріп, жолсеріктер заңсыз ақша алуда.