Атырауда заңсыз ауланған 200 келіге жуық балық тәркіленді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысындағы балық инспекциясы браконьерлерден 181 келі балық тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет әлеуметтік желіде жазды.

«2018 жылдың 28 тамызында Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының және су полициясының қызметкерлері Дамба елдімекені маңында Жайық өзенінде «Меркурий-40» моторы бар «Казанка 5М4» қайығын ұстады. Онда Дамба ауылының 1982 және 1977 жылы туған екі тұрғыны болған. Жүзу құралын тексеру барысында қапшыққа салынған 181 келі көксерке мен ақмарқа табылды», - делінген ресми хабарламада.

Аталған фактіні Сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізіліміне енгізу үшін және Қылмыстық Кодекстің 335-бабы (Браконьерлік) бойынша тергеуалды амалдарын жүргізу үшін барлық материалдар мен заттай айғақтар құқық қорғау органдарына жіберілді.