Атырауда заңсыз айналымнан 28 тонна дизель мен 1 млн теңгенің ішімдігі тәркіленді
Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымы анықталған.
«Департамент қызметкерлері жыл басынан бері заңсыз сауда айналымын анықтау мақсатында арнайы іс-шараларды жүргізіп келеді. Мәселен, биылғы бірінші тоқсанда заңсыз айналымнан жалпы құны 1 087 005 теңгеге бағаланған 2 223 бөтелке алкоголь өнімдері алынды. Бұған қоса, мұнай өнімдерін заңсыз өткізуді жүзеге асыратын адамдар анықталды. Олар жалпы сомасы 4,8 млн теңгенің 28,3 тонна дизельдік отынын заңсыз сатпақ болған. Аталған деректерге байланысты жинақталған іс құжаттары Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотына жолданды. Сот шешіміне сәйкес 2 223 бөтелке алкоголь мен 28,3 тонна дизель отыны тәркіленді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау тұрғынынан 6,6 мың бөтелке заңсыз алкоголь тәркіленгенін жазған болатынбыз. Ол Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласындағы қоймалардың бірінен табылған.
«Алкогольді спирт өнімін заңсыз сақтаған адам анықталды. Ол қоймада 3,194 литр арақ өнімін сақтаған. Спирт ішімдігі 6 600-ден астам шыны бөтелкеге құйылған. Алкоголь өнімінің жалпы құны – 7 млн теңгеге жуықтайды», - деп хабарлаған еді полиция департаментінің баспасөз қызметінен.