Атырауда заңсыз балық аулағандарға 13,3 млн теңге айыппұл салынды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда заңсыз балық аулағандарға 13,3 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Атырауда екі айға созылған «Бекіре-2018» акциясы аяқталды. Балық ресурстарын қорғау және балық аулауды реттеу басқармасының басшысы Арман Өтеповтің айтуынша шара кезінде 731 балық қорғау заңын бұзушылық фактісі анықталған.

«Акция кезінде балық қорғау заңнамасын бұзушыларға 13,3 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды және балық ресурстарына келтірілген залал үшін сот арқылы 686 мың теңге өндірілді. Балық ресурстарын қорғау қызметкерлері 502 заңбұзушылықты, құқық қорғау органдары - 393, шекара қызметкерлері - 195 фактіні анықтады», - деді А.Өтепов.

Сондай-ақ, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты жұмысшылары шара барысында ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 27 заңбұзушылықты анықтады.

«19 тонна 717 кг балық, оның ішінде 3 тонна 799,1 кг бекіре тұқымдас, 11 кг 400 гр бекіре түрлерінің уылдырығы, 460 дана аулау құралы және 63 қайық тәркіленді», - дейді Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Данияр Баймағамбетов.