Атырауда заңсыз уылдырық сатып алған ливандыққа 1,1 млн теңге айыппұл салынды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Түркияға заңсыз сатып алған қара уылдырықты жібермек болған Ливан Республикасының азаматы Атырауда сот алдында жауап берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Сот отырысында анықталғандай, сотталушы 2017 жылдың қараша айында «Мерей» базарында өзіне таныс емес адамнан пластикалық ыдысқа салынған жалпы салмағы 2 келі болатын бекіре тұқымдас балықтың уылдырығын 120 000 теңгеге сатып алып, заңсыз сақтаған. Ол 2017 жылдың желтоқсан айында Ыстанбұл қаласына ұшып бара жатқан өзінің досы арқылы 4 пластикалық ыдысқа салынған уылдырықты беріп жібереді. Оны әуежайдағы полиция қызметкерлері тексеру барысында тауып алған. Ер адам сот үкімімен ҚР ҚК 339-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 500 АЕК мөлшерінде, яғни 1 134 500 теңге айыппұл төлеу міндеттелді», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.