Атырауда жансақтау бөліміне түскен 6 жасар баланың миы мен өкпесі зақымданған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жансақтау бөліміне түскен 6 жасар баланың миы мен өкпесі зақымданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық балалар ауруханасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 6 жасар бала травматология бөліміне ауыстырылған.

«Науқас 24 шілдеде әртүрлі жарақатпен аурухананың жансақтау бөліміне түскен еді. Дәрігерлер оған «жабық бас-ми жарақаты мен өкпенің зақымдануы» деген диагноз қойып отыр. Қазір науқастың жағдайы тұрақтанды. Ол травматология бөліміне ауыстырылды. Аурухана дәрігерлері науқасқа қажетті ем-дом шараларын жүргізіп, жіті бақылауға алды», - деп хабарлады аурухананың баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда самокатпен көлікке соқтығысқан 2 жасөспірімнің бірі жансақтау бөліміне түскенін жазған болатынбыз.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы Атырау қаласында болған.

«Жергілікті уақытпен кешкі сағат 21:15 шамасында Әбілхайыр хан даңғылымен самокатпен келе жатқан 2013 және 2017 жылғы жасөспірімдер Hyundai Accent маркалы көлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасынан 6 жасар жасөспірім зардап шекті. Дене жарақатын алған жасөспірім жедел жәрдем бригадасының көлігімен облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ Атырау облысындағы республикалық жолдарда көлік апатынан 33 адам көз жұмғанын хабарлаған едік.

Патрульдік полиция ротасының командирі, полиция капитаны Әділбек Шахметовтің дерегіне сүйенсек, Атырау облысындағы республикалық тас жолдарда 38 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Көлік апатының салдарынан 33 адам мерт болды. Ал 57 адам әртүрлі дене жарақатын алған.