Ауылда тұрған әйелді жергілікті дәрігерлер Атырауға жіберген. Түсініксіз себептермен облыстық перинаталдық орталық оны қабылдамай қойған, сондықтан ол қалалық перзентханада босануға мәжбүр болған. Алайда онда да әйел өте кеш барған: босану кезінде әйел бақилық болды, баланы да сақтап қалу мүмкін болмады.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала болжам бойынша, толғақ кезінде қиындықтар туындаған және ол эмболиядан (қан тамырының бітелуі) көз жұмуы мүмкін. Бірақ, тағы да қайталап айтам, мұның бәрі алдын ала болжам ғана. Астанадан тәуелсіз сарапшылар келіп, жас босанған әйел өлімінің нақты себебін айтады», - деді «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дина Камелова.