Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақтар 28 ақпанда таылған.
«Полиция қызметкерлері «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде Жайық өзенінің Ақсай елді мекені тұсындағы жағалауынан қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақтың сақталған жерін анықтады. Тексеру кезінде облыстық полиция департаментінің жедел әрекет ететін арнайы жасағына тиесілі «Форт – 500М» маркалы мылтығы, 3 дана 12 мм калибрлі патрон, 2 дана «ГСЗ ДК-130 СГ» маркалы граната, 1 дана «ПР 54» резеңке таяқша мен жеке қорғаныс құралдары, оқ өтпейтін кеудеше, каскалар табылды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір ұрланған қару-жарақтардың табылғанына байлаанысты ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды.
Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жайық өзенінің жағасынан қару мен оқ-дәрілер табылғанын хабарлаған болатынбыз.
Атырау қалалық полиция басқармасының 102 желісіне шаһар тұрғыны Жайық өзенінің жағалауынан қапшыққа оралған қару тәріздес зат пен оқ-дәрілерді көргені туралы хабарлаған. Осыған орай жедел тергеу тобымен оқиға орнында тексеру жүргізген.
Жайық жағалауынан табылған қапшықта қос ауызды тегіс ұңғылы қару мен оқ-дәрілер болған.
Сондай-ақ, Қаңтар оқиғасына қатысқан 27 атыраулықтың ісіне қатысты сот үкімі шыққанын жазған едік.