Атырауда Жайыққа батқан ағайынды жасөспірімдер әлі табылған жоқ

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Жайық өзеніне батқан ағайынды жасөспірімдер әлі табылған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, жасөспірімдерді іздеу 13 маусым күнгі кешкі мезгілден бері жалғасып жатыр.

«Сол күні кешке Атырау қаласының іргесіндегі Геолог елді мекенінің тұсында бір топ жасөспірімнің Жайық өзеніне шомылуға барғаны анықталды. Олар өзеннің шомылуға тыйым салынған белгі орнатылған жерінде суға түскен. Сол кезде 2007 және 2008 жылы туған ағайынды жасөспірімдер суға батып кеткен», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев пен төтенше жағдайлар департаменті бастығының уақытша міндетін атқарушы, полковник Асқат Ержанов жасөспірімдер суға батқан орынға барды.

Құтқарушылар жасөспірімдерді кеше, 14 маусымда да іздестірді. Алайда, әзірге нәтиже жоқ. Ал, бүгін 15 маусымда Жайық өзенінен іздестіруге 10 кұтқарушы, 4 қайық тартылды. Олар іздестіру жұмысын әлі жалғастырып жатыр. Қазір іздестіру жұмысына өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары, жедел құтқару жасағының бастығы Ә.Жұмалиев басшылық жасауда.

Атырауда ағайынды жасөспірімдер Жайық өзеніне батып кеткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Атырау облысы су айдындарында шомылуға қауіпті 70 учаске барын хабарлаған едік.

Атырау қаласында – 17, Индер ауданында – 10, Махамбетте – 19, Құрманғазыда – 2, Жылыойда – 7, Қызылқоғада ауданында 15 қауіпті учаске бар. Қауіпті учаскелерде 238 тыйым салу белгісі мен 9 ақпараттық стенд орнатылған.

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Асқат Ержановтың мәліметінше, биылғы жыл басынан суға батуға байланысты 8 дерек тіркеліп отыр. Су айдындарынан 4 адам құтқарылған. Соңғы бір аптада 4 адам ажал құшқан.