Атырауда Жайыққа батып бара жатқан мас ер адам құтқарылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Жайыққа батып бара жатқан мас ер адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, оқиға 21 шілдеде болған.

«Жедел құтқару жасағының құтқарушылары жергілікті уақытпен кешкі сағат21:05-те Жайық өзеніне батып бара жатқан ер адамды байған. Құтқарушылар жедел әрекет етіп, ер адамды судан шығарды. Кейін 1979 жылғы ер адамның мас күйде Жайық өзеніне түскені анықталды. Ол өзеннің арнайы жабдықталмаған тұсынан су түсіп, жағалаудан алыстап кеткен. Бірақ, жағаға қайта оралуға кұші жетпеген», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Төтеншеліктер облыс тұрғындары мен қонақтарына осындай оқиғаның алдын алу үшін бірнеше кеңесті ұсынып отыр.

«Су айдындарында шомылу кезіндегі арнайы ережелерді сақтау қажет. Біріншіден, су айдындарының арнайы жабдықталған орнында шомылған жөн. Екіншіден, тыйым салынған жерлерге су түсуге болмайды. Үшіншіден, суда жүрген моторлы кемелерге жақындамай, қашықта шомылу керек. Төртіншіден, алкогольдік ішімдік ішкен адамға су айдындарында шомылуға тыйым салынады. Ал, ата-аналар балаларының су айдындарына өдері баруына жол бермеуге тиіс. Өздерімен бірге барған балаларын қараусыз қалдырмағаны жөн», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында бір айға жетпей 8 адам суға батып кеткенін жазған болатынбыз.

Атырау облысында жыл басынан бері 10 адам суға батып кеткен. Суға батқандар арасында 3 бала бар. Шомылу маусымы басталған 15 маусымнан бері 8 адам жантәсілім етті.