Атырауда Жайықты тазалауға қоғам белсенділері де атсалысады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгін облыстық әкімдікте облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкеновтың қатысуымен балықтың жаппай қырылуын тексеруге арналған ведомствоаралық комиссияның мәжілісі өтті, деп ҚазАқпарат.

Мәжіліс барысында мәлім болғанындай, екі күн ішінде арнаулы автобаза, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі, балық шаруашылығы басқармаларының қызметкерлерімен жарты тоннаға жуық (493 кг.) өлі балық жиналып, актіленген соң, жойылды.

Мамандардың айтуынша, шара кезінде алынған барлық мәліметтер құқыққорғау органдарына тапсырылып, аталмыш факті бойынша бұдан бұрын көтерілген қылмыстық іске қосылады екен.

Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы хабарлағанындай, «Амангелді» балық кооперативінің кемесі Дамбы мен Темір жол көпірі аралығындағы өзен бетіндегі мұзды жарып шыққан екен. .

«Бұдан әрі табиғат пайдаланушы кәсіпорындардың өзенде пайдаланатын техникасымен бүкіл өзеннің бойындағы өлі балық жиналады»,- деді ол.

Атырау облысының бірінші орынбасары Серік Шапкенов жиналғандарға атап өткеніндей, ведомствоаралық комиссия бірқатар жұмысты атқарып, болған оқиғаның себеп-салдарын жіті қадағалап, жағдайға нақтылы қадағалау орнатқан.

«Әртүрлі арандатушылыққа және астыртын түрде кедергі келтірушілерге жол бермеуіміз керек. Қазіргі уақытта тергеу құпиялылығын сақтау мақсатында кейбір жәйттарды жария ете алмаймыз. Ең бастысы, не болғанын хабарлау емес, Жайықты құтқару. Осыны естен шығармайық. Жағдай облыстағы барлық құзырлы органдардың және аймақ басшылығының назарында, - деді Серік Шапкенов.

Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының мәліметтерінше, өзен жағалауын өлі балықтан тазарту үшін мамандарға көмектесуге қоғамдағы белсенді азаматтардан бастамашыл топ құрылыпты.

«Бұл өте орынды және уақытылы бастама екен, оларға қолдау көрсетуіміз керек. Бірақ, ең алдыменен, қауіпсіздік жағдайын да естен шығармаған абзал. Жағалауда Төтенше жағдайлдар департаменті, мамандар балықты өзеннен жинауы керек, ал еріктілер жағалауда, қауіпсіз аймақта тазартқаны дұрыс»,- деді Серік Шапкенов.

Мәжіліс қорытындысымен 10 наурызда өзенді өлі балықтан тазартуға шыққан адамдардың сағат 10. 00-де жиналу үшін 4 орын белгіленді.

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, барлық жерлерде де Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің, «Арнайы автобаза» ЖШС мамандарының кезекші қосындары қызмет көрсетіп, өзенді тазалау үшін техникамен, құрал- жабдықтармен қамтамасыз етіледі.