Атырауда жеңіл көлік қаққан жаяу жүргінші мерт болды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жеңіл көлік қаққан жаяу жүргінші мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы 20 желтоқсанда сағат 21:00 шамасында болған.

«Атырау қаласының «Жұлдыз» мөлтек ауданында орналасқан «Ботақаным» супермаркеті тұсында болғаны анықталды. «ВАЗ – 21101» автокөлігінің рульінде 24 жастағы жүргізуші болған. Жүргізуші реттелмеген жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан 1993 жылғы жаяу жолаушыны қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасының салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнынан қаза тапты», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Қазір аталған дерекке қатысты Атырау облыстық полиция департаментінің қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жаяу жүргіншіні мерт қылған мас жүргізуші ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.

Атырау қаласында Mercedes Benz көлігінің жүргізушісі мас күйде рульге отырып, ер адамды қағып кеткен. Алайда, бұл туралы ішкі істер органына хабарламай, оқиға орнынан қашып кеткен. Көлік қаққан ер адам оқиға орнында қайтыс болған.

Полиция қызметкерлері қаланың Стаханов көшесінде орналасқан гараждардың арасынан Mercedes Benz көлігін тапты. Көлікті мас күйінде жүргізген 1988 жылғы жүргізуші ұсталды. Қазір күдікті қамауда отыр.

Жол-көлік оқиғасына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен және 347-бабымен тергеу амалдары жүріп жатыр.