«Атырауда жетімдер үйі жабылып жатыр» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 28 қыркүйек. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 28 қыркүйек, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

*** «Кеше Монако Князьдігіне ресми сапармен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Князьдік сарайының алдындағы алаңда ресми қарсы алу рәсімі болды. Князьдіктің осындай шараларға арналған үлкен оркестрі Қазақстан Президентіне құрмет көрсетті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Шаруасы шарықтаған шағын ел» деген тақырыптағы мақаласында. Қарсы алу рәсімі аяқталған соң Президент Нұрсұлтан Назарбаев Монако Князі Альбер ІІ-мен оңаша кездесіп, екіжақты келіссөз жүргізді. Одан кейін екі елдің басшылары мемлекеттік наградалармен алмасты. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің ынтымақтастығын дамытуға сіңірген еңбегі үшін Әулие Карлдың Крест орденімен марапатталды. Бұл орден - Монаконың ең жоғары мемлекеттік наградасы. Ал Монако Князі Альбер ІІ-ге І дәрежелі «Достық» ордені тапсырылды. Қазақстан Президенті ресми сапар шеңберінде Князьдіктің урбанистикалық және қаржылық дамуының тұсаукесеріне қатысты. Тұсаукесер барысында Мемлекеттік министр М.Роже, экономикалық даму және қаржы министрі Ж.Кастеллини, әлеуметтік мәселелер және денсаулық сақтау жөніндегі министр С.Валери, қоршаған ортаны қорғау және қала құрылысы министрі М.П.Грамалия Мемлекет басшысына тиісті салалардың жағдайы мен даму перспективасы туралы, атап айтқанда, Грейс Княгиня емханасы құрылысының жоспары, шектеулі алаңға ие Князьдіктегі қала құрылысын жүргізудің одан арғы бағыттары туралы ақпараттар берді. Қазақстан Президенті тұсау­кесердің қанағаттанарлық маз­мұнын атап көрсетіп, осы сапарға шақырғаны үшін тағы да алғысын білдірді. «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің жаңа кезеңге аяқ басқандығын көрсеткен құжат болды. Енді оны әлі де болса халық арасында кеңінен насихаттап, түсіндірудің маңызы жоғары. Осы ретте «Егемен Қазақстан» газеті Парламент Сенатының депутаты Ерболат Мұқаевтан Жолдаудың маңызын аша отырып, елімізге қатысты өзге де сұрақтарға жауап беруін өтінген. Басылымның тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап қайырған сенатор: «Кеден одағы мен Біртұтас эко­номикалық кеңістік о бас­та Елбасының бастамасымен жү­зеге асқаны баршаға мәлім. Ел­басының «Біздер өз-өзімізді толық қамтамасыз ету үшін халқымыздың саны 25 миллиондай болуы керек», дегені бар-ды. Халықтың саны неғұрлым көп болса, өндірілген өнім соғұрлым өтімді. Бәсекеге қабілетті болуымыз үшін ішкі сұранысты арттыру да халық санымен тығыз байланысты. Олай болса, Қазақстан, Ресей және Беларусь болып бірігіп, әлемдік бәсекеде өз орнымызды табуға талпынуымыз өте орынды», - дейді. Сұхбат «Мақсат - әлеуметтің әлеуетін арттыру» деген тақырыппен берілген. *** АҚШ-тағы қазақстандық қос жетімнің тағдыры бүкіл әлемнің назарын аудартып, шулатып жатқанда Атыраудан көңіл қуантарлық хабар тарады. Соңғы 1,5 жылдың ішінде балалар үйінен сәби асырап алушылардың қатары кейінгі 10 жылдағы көлемнен де асып түскен. Игілікті істің нәтижесінде облыстағы жетімдер үйінің бірі жабылыпты. Енді екінші жетімхананың да есігіне қара құлып салынатын күн таяу. «Айқын» газетінің жазуынша, мұндай жаңалықты кеше Астанада Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жеткізді. Сонымен қатар басылымның жазуынша, қалыптасқан дәстүрге сәйкес жұма күні мінберге көтерілген әкім аймақта атқарылып жатқан жұмыстар жайында жан-жақты баяндаған өңір басшысы журналистер тарабынан қойылған өткір саалдарға да тұщымды жауап қайтарған. Мәселен, облыстың бұрынғы әкімі Р.Берғалиевке қатысты қойылған сауалға орай Б.Ізмұхамбетов: «Кеткен әкімнің соңынан нашар әңгіме айтуды дұрыс көрмеймін. Бұрынғы әкім бәрін бүлдірді, енді мен түзеп жатырмын деп те айтудан аулақпын. Егер бұлай жалғастыра беретін болсақ, ертең біз ауысқаннан кейін мені де жамандаушалар шығады емес пе?! Ал қаржы жетіспеушілігіне байланысты тоқтап қалған нысандардың саны 45-ті құрайды. Мұның 10-на жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, қайтадан жалғастырып жатырмыз. Қалған бірқатар құрылысқа республикалық қазынадан қажетті қаражат беріліп, басталған істі соңына жеткізу жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр», - депті. Мақала «Атырауда жетімдер үйі жабылып жатыр» деген тақырыппен берілген. Осы басылымда «Мақсат - айқын, мұрат - асыл» деген тақырыпта жарияланған мақалаға кеше Алматыдағы Достық үйінде шығармашылық қауым өкілдері бас қосып, «Нұр Отан» партиясы Доктринасының жобасын талқылауға арналған жиын арқау болған. Дөңгелек үстелдің басына партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Арман Қырықбаев, Парламент Мәжілісінің депуттары - Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы, «Нұр Отан» партиясы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелеріне арналған «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов, Ұлттық ғылым академиясының төрағасы Мұрат Жұрынов, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры Төлеген Мұхамеджанов, Сенат депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Қазақстан композиторлар одағының төрайымы Балнұр Қыдырбек, жазушы, драматург, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази және басқа өнер мен мәдениеттің көрнекті өкілдері, БАҚ басшылары жайғасып, исі қазақтың ынтымақтастығын, мінез-құлқын қалыптастыратын руханият пен мәдениет төңірегінде ой өрбітті. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өз сөзінде партияның саяси доктрина жобасының рөлі мен маңыздылығына тоқталды. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясындағы: «Халқымыздың басты принципі - қоғамдық келісім болуы тиіс, ата-бабамыздың дәс­түрлерін сақтай отырып, біз бірлік, толеранттылық пен отансүйгіштіктің үлгісін көрсете білуіміз қажет» деген Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі осы доктринамен үндесіп, үйлесіп тұр. Партия доктринасында да тура осы мәселелер көтеріледі. Қоғамдық келісім, ынтымақтастық, салт-дәстүрлер, ұлттық құндылықтардың барлығы осы құжатта қамтылып, саясат пен экономиканың алдына шықты», - деп жазады басылым.