Атырауда жол апатынан 4 адам көз жұмды

Фото: Фото: әлеуметтік желіден
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жол апатынан 3 адам оқиға орнында, тағы 1-еуі ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы 17 маусымда болған.

«Жергілікті уақытпен сағат 16:15 шамасында республикалық маңызы бар Доссор-Құлсары-Бейнеу тас жолының 10-шақырымы тұсында Lada Priora және Toyota Camry автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасының салдарынан Lada Priora автокөлігі отқа оранды. Көлікті тізгіндеген 1992 жылғы жүргізуші мен 22 жастағы жолаушы, Camry автокөлігінде отырған 1972 жылғы жолаушы оқиға орнында мерт болды. Toyota Camry көлігінің рөлінде болған 42 жастағы жүргізуші дене жарақаты салдарынан ауруханада көз жұмды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Toyota Camry көлігінің 2 жолаушысы түрлі дене жарақатымен Мақат аудандық ауруханаға жеткізілді.

Патрульдік полиция ротасы командирінің орынбасары, полиция капитаны Алмас Закариевтің айтуынша, облыс аумағымен өтетін тас жолдарда көлік ағыны көбейген.

«Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері күн сайын жүргізушілерге жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Көлік ағынының артуына байланысты жолда жүру ережесін, жылдамдық режимін қатаң сақтауды ескертеміз», - деп хабарлады Алмас Закариев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында көлік аударылып, шетелдік жүргізуші мен жолаушы ауруханаға түскенін хабарлаған едік.

Доссор-Құлсары-Бейнеу бағытындағы тас жолда Chevrolet Cobalt автокөлігі аударылған. Жол-көлік оқиғасына Өзбекстан Республикасы азаматының басқару жүйесін игере алмағаны себеп болған. Соның салдарынан жүргізуші мен 1985 жылы туған жолаушы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды.