Атырауда жолаушы тасымалдауға 170 автобус жетіспейді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні Атырауда қалаішілік және қала аумағына қатынайтын 340 автобус бар. Қала іші мен мөлтек аудандарды толықтай қамту үшін әлі 170 автобустың қажеттілігі туындап отыр.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Серікбай Қазиевтің мәліметіне сүйенсек, қазіргі сатып алынған автобустар тез ескіріп істен шығады. Көп жылдан бері қосымша маршруттар да қаралмай келеді.

-  Жаңа ықшамаудандар салынған сайын олардың жүру қашықтығын ұзарта береміз. Бүгінгі таңда 18 шақырымға дейін баратын бағдарлар бар, - дейді Серікбай Қазиев.

Бөлім басшысы бұл мәселені шешіп, автобустардың тарифін азайтудың да жолдары барын жеткізді. Қазір қала ішінде автобустардың құны 80 теңге. Жолаушы тасымалын жүзеге асыратын мекемелер Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға, зағип жандарға, I, II топ мүгедектеріне және 17 жасқа дейінгі оқушыларға сабақ мезгілінде маршруттарға тегін мінгізуді қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ, зейнеткерлер мен еңбек ардагерлеріне жолақы құнын 50% пайыз төлеуге жеңілдіктер берілген.

С.Қазиевтің айтуынша, жолақы құнын түсірудің жолы - қалаға ықшамаудандардан қатынайтын жолаушылар үшін автобус алмастыратын бекеттер орнату қажет. Қала аумағанда қазір мұндай төрт бекет бар. Олар теміржол вокзалында, аэровокзалда және Балықшы, Атырау ықшам аудандарының соңғы аялдамасында.

- Тағы да осындай төрт бекет ашу қажет. Ықшам аудандардан келіп жиналған жолаушылар бекеттен түсіп, қаланың ішіне бару үшін келесі қалаішілік автобусқа отырады. Сол кезде маршруттардың жүру қашықтығы 9 шақырымға дейін қысқарады. Маршруттардың жүру шақырымы қысқарса, автобустардың тарифтері де төмендейді. Қазір қала әкімінің тапсырмасымен осыған байланысты транспорттық тұжырымдама дайындалмақ. Алға қарай тұжырымдама бойынша жұмыс жүргіземіз, - деді Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы С.Қазиев.