Атырауда жолаушылар автобусын айдап әкеткен
15:52, 17 Қараша 2021
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында тұрақта тұрған автобусты айдап кеткен күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, оқиға бүгін, 17 қарашада болған.
«Бүгін сағат 8:20 шамасында 102 арнасына Атырау қаласының тұрғынынан шағым түсті.
Шағым берушінің айтуынша, ол тұрақта тұрған көлігін таппай қалған. Осы дерекке байланысты полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шарасына кірісті. Атырау қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығы қызметкерлерінің көмегімен жоғалған автобустың жүру бағыты анықталды. Ал көлікті заңсыз айдап кеткен Ақмола облысының 30 жастағы тұрғыны болып шықты. Күдікті ұсталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Қазір ұсталған күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды.