Атырауда жолаушылардың 90 пайызы автобуста жолақыны картамен төлеп жүр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жолаушылардың 90 пайызы қоғамдық көліктің жол ақысын картамен төлеп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 2018 жылы мұнайлы шаһарда қоғамдық көлік жолақысын төлеудің электрондық жүйесі енгізілген.

«Smart Atyrau» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының дерегіне қарағанда, соңғы үш айда 227 мыңнан астам адам «Smart Qala» картасын қолданған.

Бұл – қоғамдық көлікке мінген жолаушылардың 90 пайызы.

«Жолақы төлеу үшін «Smart Qala» картасы енгізілді. Биыл бұл картаны қолданушылар саны 10 пайызға артып отыр. Жолаушылардың 10 пайызы ғана жолақыны қолма-қол ақшамен төлейді. Электронды картасының стандартты түрінен басқа, мектеп оқушылары мен студенттерге, көпбалалы аналарға, зейнеткерлерге арналған түрлері бар. Жолаушылардың 90 пайызы осы картаны пайдаланады. Қоғамдық көлік жолақысын sms және QR кодпен де төлеуге болады», -деп хабарлады әкімдік тің аспасөз қызметі.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Smart Qala» картасымен Атыраудан өзге, Семей, Ақсу, Орал, Ақтөбе қалаларында да жолақы төлеу мүмкіндігі қарастырылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құрбан айттың бірінші күні атыраулықтар қоғамдық көлікте тегін жүретінін хабарлаған едік.

Қалалық әкімдік пен жолаушы тасымалдайтын кәсіпорындар атаулы күндерге орай қоғамдық тегін жүру мүмкіндігін ұсынып келеді.

Қазір Атырауда жолаушы тасымалдаумен айналысатын бірнеше кәсіпорын бар.

Қала мен оған таяу маңда орналасқан елді мекендерге жолаушы тасымалдау үшін күн сайын 240 автобус жолға шығады.