Кеше, 11 шілдеде болған жол-көлік оқиғасын облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
«Атырау қаласындағы Рауан көшесінде сағат 14:00 шамасында жүк пойызы мен жолаушылар тасмалдайтын қоғамдық көлік соқтығысты. Жол-көлік оқиғасына жолаушы тасымалдайтын Youtoung маркалы автобустың темір жол бойындағы қорғалмаған аумақпен жүргені себеп болған», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, жол-көлік оқиғасының салдарынан екі адам жарақат алған.
Жедел жәрдем бригадасының қызметкерлері жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көлікте болған екі адамға медициналық көмек көрсеткен.
Зардап шеккендер облыстық аурухананың травматология пунктіне жеткізілген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жайық өзенінде екі катер соқтығысып, 9 адам ауруханаға түскенін жазған едік.
Жайық өзенінде адамдарды серуендету қызметіне пайдаланылған екі қайық соқтығысты. Су көлігінің бірінде 10 адам, ал екінші қайықта 25 адам болған. Оқиға салдарынан түрлі дене жарақатын алған 9 адам ауруханаға жеткізілді.
Кейін Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Әбілова зардап шеккендердің жағдайын айтып берді.