Атырауда Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркем сөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы өтті
Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың айтуынша, бұл байқау 2016 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.
«Байқаудың мақсаты – Жұмекен Нәжімеденовтің әдеби мұрасын халық, әсіресе жастар арасында насихаттау, ақынның шығармашылығы арқылы адамгершілікке, ұлттық рухқа, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Биылғы байқау «Тәуелсіз еліме – 30 жыл» деп аталды», - дейді Бақытгүл Хаменова.
Белгілі қаламгер Мереке Құлкенов төрағалық еткен қазылар алқасы еліміздің әр өңірінен қатысқан жас көркемсөз оқушылардың шеберлігін сарапқа салды. Әсіресе, көркем мәтінді
оқу шеберлігі, дауыс мәнері мен тіл тазалығына, көркем мәтінді таңдау талғамына, сахнада өзін ұстауына баса мән берді. Шараға ақынның үлкен қызы Айкен Нәжімеденова да қатысты.
Қазылар алқасының шешімімен Әйгерім Сағатова (Қызылорда облысы), Нұрмұхамед Серікбаев (Қостанай облысы) пен Хұсни Ғабсаттар (Ақтөбе облысы) 20 мың теңгенің сертификатына ие болды. Үшінші жүлденің 100 мың теңгелік сертификаты алматылық Меруерт Аңсат пен жамбылдық Бақтияр Бекназаровқа берілді. Екінші жүлдені (20 мың теңге) атыраулық Бұлан Нұрғалиев иеленді. Ал, 300 мың теңгесі бар бірінші жүлдеге
Павлодар облысынан қатысқан Расул Темеш лайық деп танылды.
Байқаудың бас жүлдесі – 400 мың теңгеге Орал қаласындағы №42 «Ақ ниет» мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беретін мұғалімі Абылайхан Қуанышев ие болды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда Абай мұрасына арналған суретшілер симпозиумы
өткен болатын.