Атырауда жұмыс істейтін 55 мұнайшы Қостанай облысына оралады

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Бүгін Қостанай қаласына Атырау облысында жұмыс істеген 55 мұнайшы келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігінің жанынан құрылған жедел ақпарат штабының мәліметіне сүйенсек, бұл шара Атырау облысындағы коронавирус індетінің өсіміне байланысты туындап отыр. Өңірге бұған дейін 300-ден астам мұнайшы келген болатын.

«Бүгін тағы 55 вахташы оралады. Олардың барлығы – «Теңізшевройлда» жұмыс істеп жүрген Қостанай облысының тұрғындары. Аталған азаматтардан індет белгілерінің бар-жоғын анықтау мақсатында сауалнама алынып, термометрия жүргізіледі. Содан соң олар уақытша оқшаулау орындарына, облыс орталығының карантин стационарларына жеткізіледі. Ол жерде COVID-19-ға терең зерттеу жүргізу үшін сынама алынады. Зерттеу қорытындысы теріс нәтиже көрсеткен жағдайда, жазбаша қолхат алынып, жұмысшылар 14 күндік инкубациялық кезең аяқталғанға дейін үй карантиніне жіберіледі», - деп хабарлады облыстық жедел ақпарат штабы.

Ал талдау қорытындысы оң нәтиже көрсеткен жұмысшылар инфекциялық бөлімге жатқызылады.