Атырауда журналистер арасында ұйымдастырылған байқау қорытындыланды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап, журналистер арасында ұйымдастырылған байқаудың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Байқау жыл басында жарияланды және оны Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының өкілдері ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Байқаудың мақсаты облыс пен еліміздің әлеуметтік-экономикалық өмірі туралы жазатын журналистер қауымының шығармашылық жұмыстарын шыңдау болатын. Байқаудың жүлде қоры 2 млн теңгені құрады. Конкурсқа мерзімді басылымдар мен телеарналардан 30 журналист қатысты. Олар 100-ден астам баспасөз материалдары мен суреттерін және бейнематериалдарын ұсынды. Бірінші орынды Атырау облыстық «Атырау» басылымының бас редакторы Исатай Балмағамбетов жеңіп алып, жүлдеге тігілген 500 мың теңгені иеленді. Екінші орынға облыстық «Прикаспийская коммуна» басылымының тілшісі Гүлжан Елашева мен «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Атырау облыстық филиалының режиссері Ботагөз Қарабалаева лайықты деп табылып, олар 300 мың теңгеден алды. Үшінші орынға және 200 мың теңгеге Атыраулық фотожурналистика ардагері Қайролла Қабдешев пен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Айдар Сабиров және «Мұнайлы Астана» басылымының тілшісі Құттыгерей Смадияр қол жеткізді.

Сондай-ақ байқауға қатысқан бірқатар журналистер ынталандыру сыйлығын алды»,-деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.