Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Гүлдана Бисенбайдың айтуынша, былтыр 3 адам астан уланған.
«Биыл жыл басынан бері 8 астан улану дерегі тіркелді. Сәуір айында Жылыой ауданында орналасқан Теңіз кен орнының вахталық кентіндегі тез тағам дайындайтын дәмханадан 8 адам ас ішкен. Содан кейін олардың ағзасына астан улану белгілері байқалған. Осыған байланысты дәмханаға тексеру жүргізілді. Тексеру кезінде тамақтың санитариялық талапқа сай емес сапасыз азық-түліктен дайындалғаны анықталды», - деп хабарлады Гүлдана Бисенбай.
Оның айтуына қарағанда, қазір тағамнан уланғандар емделіп шыққан. Олар жұмысына оралған.
«Сапасыз астан уланудың қаупі жоғары екенін ескеру керек. Асқазанда түйілу, құсу, іш өту белгісі байқалса, дереу дәрігерге жүгінген жөн. Мұндай жағдайда өз бетімен емделуге болмайды. Осындай немқұрайлы әрекеттің соңы өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан тез пісетін тағамды тұтыну кезінде өте сақ болған дұрыс», -деп атап өтті Гүлдана Бисенбай.