Атырауда жыл басынан бері мас күйде рульге отырған 270 жүргізуші ұсталды
Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаевтың мәліметінше, Атырау қаласының аумағында 70 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
«Жол-көлік апатының салдарынан 4 адам қаза тауып, 71 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Ал, жасөспірімдердің қатысуымен 13 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 13 жасөспірім әртүрлі дәрежеде зардап шекті. Атырау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мас күйде рульге отырған 270 жүргізушіні ұстады. Мас жүргізушінің бәрі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», -дейді Ерлан Биғамбаев.
Оның айтуынша, жол-көлік оқиғасына ұрындыратын бірнеше себеп бар. Алдымен бұл қарсы бағыттағы жолаққа шығумен байланысты болып отыр. Екіншіден - жаяу жүргіншілерді қағу, үшіншіден - жол қиылыстарынан өту ережесін бұзу, төртіншіден - жылдамдықты шамадан тыс асыру. Бесіншіден - мас күйде рульге отыру.
«Атырау облысында 6 айда осындай себептерден жол-көлік оқиғасы - 21,4, қаза болғандар саны - 60, дене жарақатын алғандар саны 11,8 пайызға өсіп отыр. Жол-көлік оқиғасынан 40 адам қаза тауып, 189 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Облыс аумағында жыл басынан бері жылдамдықты шамадан тыс асырған 153 мыңнан, қарсы бағытқа шыққан 130-дан, жаяу жүргіншілерге жол бермеген 800-ден, жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өту кезінде 5 мыңнан астам құқық бұзушылық дерегі анықталды», - деп мәлім етті Ерлан Биғамбаев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында алты айда жол апатынан 40 адам мерт болғанын жазған едік.