Бұл туралы «Атырау ЖЭО» АҚ президенті Айбар Рахманов мәлім етті. Оның айтуынша, 19 қаңтарда сағат 19:00-дер шамасында жылу желісі өшірілген.
«Атырау жылу-электр орталығынан шығатын екі магистральды желінің бірінде тесік пайда болды (су кетіп жатыр). Осы учаскені өшіру үшін жылу желілерін тоқтатуға тура келді», - дейді Айбар Рахманов.
Қазіргі уақытта ақауы бар учаске өшірілген, ЖЭО жұмысшылары жылу желілерін қайта іске қосумен айналысуда.
«Атырау тұрғындарының үйлеріне жылу бір сағаттың ішінде беріледі», - деп уәде берді Айбар Рахманов.
Еске салсақ, бұған дейін ЖЭО-дағы апат салдарынан Атырау жылусыз және ыстық сусыз қалғанын хабарлаған болатынбыз.