Атырауда жылу-электр орталығының маңында өрт шықты

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жылу-электр орталығының аумағындағы иесіз нысанның шатыры өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде тараған өрт туралы деректі Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы растады.

«Бгін, 7 тамызда жергілікті уақытпен сағат 14:00-де Атырау қаласында орналасқан Оңтүстік өндірістік аймақ мекенжайындағы ауладан түтін шыққаны жөнінде хабар түсті. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері оқиға орнына жедел аттанды. Өртті сөндіруге 6 қызметкер мен 1 техника тартылды. Өрт сағат 15:03-те оқшауланды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Белгілі болғандай, 31 шілде мен 6 тамыз аралығында Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне 58 рет шақырту түскен. Соған байланысты құтқарушылар төтенше жағдайды жоюға және адамдарды құтқаруға шыққан.

«Құтқарушылар бір аптада 6 рет жалынды сөндіруге, 34 рет өрт санатына жатпайтын жануға, 4 мәрте авариялық құтқару, 8 рет іздестіру жұмыстарына барды. Тоғыз адам, оның ішінде 3 бала қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Алдыңғы аптадағы дерекпен салыстырғанда, шақыртуға бару көрсеткіші 87 пайызға өскені байқалып отыр», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы «Ақжайық» табиғи резерватында тағы да қамыс өрті тұтанғанын жазған болатынбыз.

Каспий теңізінің жағалауындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында қамыс өрті тұтанған. Бықсыған қамысты сөндіру үшін «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері жіберілген болатын.