Атырауда жылу желілерінің 68 пайызы тозып тұр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда жылумен қамту желілерінің 68 пайызы тозып тұр. Жылу беру маусымы басталар қарсаңда жұмысы тоқтаған турбоагрегат әлі қалпына келтірілмеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдулат Кенжебековтің айтуынша, биылғы 12 қазанда «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-да қуаты 100 МВт құрайтын №12 турбоагрегат жұмысы тоқтатылған.

«Бұл турбоагрегат 2020 жылы күрделі жөндеуден өткізілген. Алайда, енді оны қалпына келтіру жұмысын 2023 жылдың 30 қаңтарына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жалпы стансаның белгіленген электр қуаты - 474 МВт. Ал, қазіргі жағдайы бойынша нақты өндірілген көлем – 186 МВт. Стансаның негізгі қондырғыларында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталмаса, жылыту маусымының тұрақты өтуіне қауіп төну ықтималдығы жоғарылайды. «АтырауЖылуЖүйелері» АҚ меншігінде тозу деңгейі 68% құрайтын 426,7 шақырым жылу желісі бар. Инвестициялық бағдарлама аясында жыл сайын 13-20 шақырымдай желіге жөндеу жүргізіледі. Бірақ, бұл 50 жылдан бері қалыптасқан жылу желілерінің тозу деңгейін азайтпай отыр. Бұл желілерді толықтай жөндеуден өткізу үшін жыл сайын 70 шақырымдай жылу желісін ауыстыру қажет», -деді Айдулат Кенжебеков.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуына қарағанда, аталған басқарма қаңтар айына дейін жылыту маусымындағы мәселелерді шешу үшін арнайы бағдарлама дайындауы қажет.

«Өйткені бізге жеке жылу қазандықтары бар тұрғын үй кешендерінің тұрғындарынан арыз-шағым көп түседі. Тұрғындар үйдің салқындығын айтып, базынасын жеткізеді. Осы ретте бізде «бөліп алу» деген қағида болмауы керек. «Мынаған пәтер иелері кооперативі, басқасына «Атырау-Жарық» АҚ, не «АтырауЖылуЖүйелері» АҚ, жеке жылу қазандықтары бары өз алдына жауап береді» деп бөлуге болмайды. Тұрғындардың арыз-шағымы бәріне ортақ. Олардың тиісті деңгейде сапалы қызмет алуға құқығы бар. Оны біз қамтамасыз етуіміз қажет. Қазір ең бірінші кезектегі мәселе – жедел түрде жылыту маусымының қиындықсыз өтуін қамтамасыз ету», -деді Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда тозығы жеткен жылу қазандықтары жаңартылатынын хабарлаған едік.