Атыраудағы «Ақжайық» табиғи резерватында тағы да қамыс өрті тұтанды

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудағы «Ақжайық» табиғи резерватында тағы да қамыс өрті тұтанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, ғарыштық мониторинг арқылы қамыстың бықсу ошағы анықталған.

«Каспий теңізінің жағалауындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерват аумағында қамыс өрті тұтанған. Қазір бықсыған қамысты сөндіру үшін «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері жіберілді. Департамент тарапынан арнайы өрт сөндіруге аттанатын топ құрылды. Өрт ошағы ұлғайған жағдайда су шашатын құрылғысы МИ-8 тікұшағы әзір тұр», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Еске сала кетелік, бұған дейін Каспий жағалауында 7 күнге созылған қамыс өрті сөндірілгенін хабарлаған едік.

Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өрті 6 шілдеде анықталған. Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Асқат Ержановтың мәліметінше, қамыс өрті Атырау қаласындағы Кеңөзек ауылдық округінен 30 шақырым қашықтықта тіркелген.

«Қамыс өртін сөндіру үшін Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 80 адам мен 14 техника, «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы жұмылдырылды. Өрт басталғаннан бері тікұшақпен 167 рет 500 тоннадан астам су төгілді», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына арнайы техника сатып алуға республикалық бюджеттен 285 млн теңге бөлінген. Ал Атырау облысының төтенше жағдайлар департаментіне 30 техника сатып алуға жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге қарастырылған.