Атыраудағы киноконцерт залы бизнес-орталығына айналады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Құрылысына 3,8 млрд. теңге жұмсалып, тағы 5 млрд. теңгені қажет еткен, соңында аяқталусыз қалған Атырау киноконцерт залы бизнес-орталығына айналатын болды.

«Франциялық инвесторлар Нұрсая шағынауданындағы 1200 адамға арналған киноконцерт залы ғимаратының құрылысын қайта жандандыруға ниетті. Жақын арада аяқталмаған құрылыс бизнес-орталық болып қайта құрылады. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін 20 миллион доллар құю қажет. Франциялық Issmat investment & finance компаниясы мен өңір басшылығы арасында инвестициялар туралы меморандум жасалды», - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Киноконцерт залының құрылысы 2010 жылы Атыраудың шалғайда орналасқан шағынаудандарының бірінде, қазір халықаралық іздеуде жүрген Б.Рысқалиевтің тұсында басталды. Б.Рысқалиев пен оның командасы отставкаға кеткен соң, мемлекеттік сараптама киноконцерт залы құрылысына 3,8 млрд. теңге жұмсалғанын анықтады. Бірақ іс жүзінде құрылыс жұмыстарына одан аз ақша жұмсалған. Құрылысты аяқтауға және жобаны өрескел бұзған кемшіліктерді түзеу үшін тағы 5 млрд. теңге қажет болды.

Өңірді Б.Ізмұхамбетов басқарған тұста екі түрлі ұсыныс болды: құрылысты үлкен балабақшаға айналдыру немесе сүріп тастау. Екі нұсқа да қымбат болуына байланысты жүзеге аспады.