Биыл үшінші рет өткелі отырған дәстүрлі марафон кең көлемде болады және үш мыңға жуық қатысушы бақ сынайды деп күтілуде. Бүгінге дейін Қазақстанның ірі қалалары - Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен, Орал, Ақтөбе, Көкшетаудан спортшылар марафонға қатысуға өтінім берді. Үшінші қайырымдылық жүгіру шарасындағы бес қашықтықтың біріне қатысуға шетел азаматтары-мұнай компанияларының мамандары да ниет білдірген.
«Қатысушылардың таңдауына бес қашықтық 42 км, 21 км, 10 км, 3 км, 1, 2 км (балаларға арналған) ұсынылады. Жеңімпаздар жастарына қарай 76 санат бойынша марапатталады. Жалпы жүлде қоры 5 млн теңге», -дейді «Atyrau Marathon -2019» ұйымдастыру комитетінің вице-президенті Юрий Пономарев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ең алыс үш қашықтыққа қатысу үшін ақшалай төлем жасау керек, түскен барлық қаражат қайырымдылық мақсатқа - жетім және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына жұмсалады.
3 және 1,2 км қашықтыққа жүгіру тегін. Марафонның барлық қатысушыларына естелік медаль беріледі, ал жүлдегерлерді демеушілер дайындаған арнайы сыйлықтар күтіп тұр.
«Atyrau Marathon - 2019» Жастар жылы аясында өтеді. Әр түрлі қашықтықтағы жүгіруге қала мен облыстағы жастар ұйысмдарының өкілдері қатысады.
«Жастар саясатын дамыту - қоғамдағы басты бағыттың бірі. Ел болашағы жастардың қолында. Қай салада болса да жоғары нәтиже көрсетіп, саламатты өмір салтын қолдап, спортпен шұғылдану керек. Сондықтан, біз өңір жастарын марафонға белсенділікпен қатысуға шақырамыз», - дейді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов.
Марафонға қатысу үшін atyraumarathon.kz сайтында және Құрманғазы көшесіндегі 12 ғимаратта орналасқан INFINITY FITNESS клубында тіркелуге болады.
Бүгінге дейін 1, 5 мың адам тіркелген.
Айта кету керек, марафонның барлық қатысушылары үшін апта сайын жаттығу өтеді. Сейсенбі, бейсенбі күндері сағат 19.30 - да Сұлтан Бейбарыс ескерткіші алдында, жексенбі 8.00 Х. Досмұхамедов атындағы АМУ стадионында.
«Atyrau Marathon -2019» қайырымдылық марафоны 14 сәуірде болады. Мәре орны - Сұлтан Бейбарыс алаңы. Бұқаралық жүгіру уақытында орталық көшелерде қозғалыс шектеледі.
20:32, 03 Сәуір 2019
Атыраудағы марафонға үш мың адам қатысады
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - «Atyrau Marathon - 2019»дәстүрлі халықаралық байқауға бүгінге дейін мың жарым қатысушы жүгіруге тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.