Атыраудағы мұнай өңдеу мекемелерінен 20 тоннаға жуық прекурсор тәркіленді
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде мұнай өңдеу мекемелерінің зертханалары тексерілген.
«Аталған іс-шараны өткізудегі мақсат – есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау, бақылаудағы заттардың заңсыз саудасының жолын кесу. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкелері Атырау қаласындағы ірі мұнай өңдеу мекемелерінің лабораторияларына тексеру жұмыстарын жүргізді.
Тексеру нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талабын бұзған бірнеше дерек анықталды. Мәселен, 464-бабы (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген лицензиялау нормаларын бұзу, оның iшiнде лицензияланатын қызмет түрлерiне қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келмеу) 2 мәрте, 426-бабы (Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу) 1 және 427-бабы (Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайлардың техникалық нығайтылу талаптарын бұзу) 2 рет бұзылған. Сондай-ақ Атырау қаласындағы ірі мұнай өңдеу мекемелерінен 20 тоннаға жуық прекурсор тәркіленді. Осыған байланысты құжаттар жинақталып, сараптама тағайындалды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Абай облысының тұрғыны Атырауда 1,5 мың доза есірткіні заңсыз сақтағанын хабарлаған болатынбыз.
Күдікті – Абай облысының 1998 жылғы тұрғыны. Одан салмағы 487,75 грамдық 1 500 доза есірткі заты тәркіленді. Медициналық сараптама қорытындысымен есірткінің мефедрон екені анықталып отыр.