«Зейін Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығы үш жыл бұрын ашылған. Мұнда психикалық және сөйлеу қабілеті бұзылған, аутизм, церебральды сал ауруы, Даун синдромы бар балалар жан-жақты оңалтудан өтеді.
«Ерекше балаларға АВА-терапия, нейрогимнастика, сенсорлық интеграция, бейімделген спорт әдістері арқылы кешенді оңалту қолданылады. Орталықта логопед, психолог қызметтері көрсетіледі. Арнайы мамандар балаларды сөйлеуге, жазуға, қоғамдық ортада өзін-өзу ұстауға үйретеді. Мұнда ай сайын 100-ден астам ерекше бала оңалтудан өтеді.
Үш жыл ішінде орталықта оңалтудан өткен 30-ға жуық ерекше бала қатарластарымен бірге балабақшаға баруға мүмкіндік алды. Ал, 15 бала мектеп табалдырығын аттады», - дейді «Зейін Атырау» орталығының жетекшісі Арай Бағытжан.
Биыл бұл орталықта Томатис-терапияның заманауи әдістемесі енгізіліп, балалармен сабақ өткізуге арналған сенсорлық бұрышы жасалған. Ерекше балалар үшін бассейн орнатылған. Бұл – жобаның құны 27 миллион теңге.
«Мемлекет ерекше балаларды оңалту жобаларына қолдау білдіріп отыр. Өйткені, сондай балаларды оңалту жұмысын тезірек жандандырсақ, олар қатарластарымен бірге қалыпты өмір сүруге бейімделеді», -дейді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Сондай-ақ, «Зейін-Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығында ерекше білім беру қажеттілігі бар 50 балаға 120 тегін курс ұйымдастырылған.
Еске сала кетелік, бұған дейін биыл 3 мыңға жуық атыраулық мүгедек шипажайда тегін емделгенін жазған едік.