Атыраудағы пандустар талапқа сай емес

АТЫРАУ. ҚазАқпарат -  Атыраудағы   пандустар талапқа сай емес екені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр Отан» партиясының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарованың айтуынша, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында Атырау қалалық филиалы мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында бақылау тобын құрып, мониторинг жүргізді. Тексеру барысында қоғамдық орындардың  мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлылығы қаралды.

«Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы өкілдері мен қалалық мәслихат депутаттары, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу, сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандарынан тұратын топ Авангард ықшам ауданындағы №9 Қазпошта,  Шаймардан Сариев  атындағы сәндік-қолданбалы өнер музейінде және Атырау  облыстық тарихи - өлкетану музейі ғимараттарының бейімділігін тексерді.

Айта кету керек, бақылау тобымен бірге І-ші топ мүгедегі Есболат Балбаевта рейдке шығып, әлеуметтік нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімділігін қарады.

Тексеру барысында №9 Қазпошта ғимаратының мүмкіндігі шектеулі жандарға  арналған  пандусы  болғанымен оның  тиісті талаптарға сай   еместігі, мүгедектерге  арналған көлік тұрағының белгісі қойылмағаны анықталды. Кафель төселген пандусқа  жауын - шашын, тайғақ кезінде көтерілу қиындық туғызады. Сыртқы есікке  қоңырау орнатылмаған. Залда мүгедектерге арналған  қызмет көрсету терезелері жоқ.

Ал  Шаймардан Сариев атындағы сәндік-қолданбалы өнер музейінде мүгедек жандарға арналған көлік тұрағының белгісі бар. Қоңырау белгісі қойылған. Ішке қарай кіру кезінде арнайы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін нұсқау жолақтары да  көрсетілген. Лифт орнатылған. Алайда, лифтімен көтерілу кезінде техникалық ақаулықтар бары екені байқалды.

Бақылау тобы тексерген  Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің пандустары ыңғайлы. Дегенмен, автокөліктен түскеннен сыртқы есікке жеткенге дейін мүгедектер үшін жағдай жасақталмаған. Ғимаратқа  кірген кезде белгі, жолақтар көрсетілмеген және жоғары қабатқа көтерілетін лифт жоқ.

Айта кетелік, арнайы топ әлеуметтік нысандарда жоғарыдағы аталған кедергілер бойынша ескертулер берілді. Алдағы уақытта кемшіліктерді жойып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыру үшін әлі де жұмыстар атқаруы керектігі айтылды.