Атыраудағы перзентханада 101 жас ана дауыс берді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауында Атырау облыстық перинаталдық орталығы мен Атырау қалалық перзентханасында жатқан 101 жас ана дауыс беріп, таңдау жасады. Бұл туралы ҚазАқпарат Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Атырау облыстық перинаталдық орталығы мен қалалық перзентханада жатқан жүкті әйелдер таңғы сағат 7.00-ден бастап дауыс бере бастады. Олар ҚР мемлекеттік Әнұранын орындап, саяси науқанның сәтті өткізілуіне жұмыла кірісті.

Облыстық перинаталдық орталықтан - 30, қалалық перзентханадан - 71 жас ана өз дауыстарын берді.

Жетінші перзентін дүниеге әкелген Айнұр Төлемісова алғаш рет перинаталдық орталықта сайлауға қатысқанын айтып, өз пікірін білдірді.

«Перзентханада сәбиіммен бірге жатқаныма бүгін екінші күн. Бүгін ел үшін маңызды қадамды осында жасадым. Сайлау учаскесіне бармай-ақ, осындай мүмкіндік жасалғанына алғыс айтқым келеді. Өз таңдауымды жасадым», - дейді.


Айнұр Төлемісованың айтуынша, ұл-қыздарының алды жоғары оқу орнында оқиды. Әр баласының есімін белгілі тұлғалардың атағына, даңқына байланыстырып қойған. Осы жолы саяси науқан қарсаңында дүниеге келген сәбидің есімін ұзақ ойластырыпты. Жас ана Сайлау немесе Сайлаубек деп есім қоятындарды қолдамайтынын айтады. Есім баланың болашағына тікелей байланысты әсер етеді, сондықтан мағыналы дұрыс есім болуы керек дейді. Сәбидің салмағы: 3 келі 150 грамм, бойы -51 см.