Сот материалдарына сәйкес, өткен жылдың желтоқсан айында №22 мен 24 мектеп оқушылары арасында жанжал шыққан. Сабақтан кейін барлығы далаға шығып төбелескен. Екі жақтың достары да келіп, жаға-жыртысқа араласқан. «Ішкі істер органдары барлық оқушылардың аты-жөнін анықтады. Олардың бәрі - 2002-2003 жылы туғандар. Мектеп оқушыларының ата-аналарына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 435-бабы бойынша ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік іс қозғалды. Атырау облысы бойынша кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандырылған ауданаралық соты 10 әкімшілік істі қарап, оқушылардың барлық ата-аналарына айыппұл (7 АЕК - 16 835 теңге) салды», - делінген соттың ресми хабарламасында.
Айта кетейік, аталған оқиға 2017 жылы 6 желтоқсанда Атырау қаласындағы «Привокзальный» шағын ауданында болған. Жаппай төбелес бейнетаспаға түсіріліп, әлеуметтік желілер арқылы тарап кеткен.