Өңірлік коммуникациялар қызметінен мәлім еткендей, бүгін дала өртінен зардап шеккен тұрғындарға азық-түлік, киім-кешек пен үй жиһаздары тиелген жүк көліктері Қостанай облысына жүріп кетті.
«Бұл – қиналған жанға қол ұшын созатын халқымыздың бірлігін танытатын сауапты іс. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) «Бір мұсылман баласы көмекке мұқтаж болған сәтте оның қажетін өтесе, Алла сенің екі өмірдегі қажетіңді өтейді» деген хадис бар. Атыраулықтар да қостанайлықтарға үлкен көмек көрсетуді қолға алды. Мұндай кезеңде бәріміз бір жұдырықтай жұмылсақ, сынақты бірге еңсеретініміз сөзсіз», - деді «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Қайырылымдылық шараға еріктілер тобы, студенттер, қоғам белсенділері, қала, аудан тұрғындары мен меценаттар, кәсіпкерлер белсенділік танытып отыр.
«Орман өрті туралы хабар жеткенде, бір орында отыра алмадық. Біз де қоғам белсенділерін жинап, көмек ұйымдастырдық. Үш күннен бері тұрғындар заттай да, ақшалай да көмегін беріп жатыр. Еріктілер уақытпен санаспай, соның бәрін қабылдап, іріктеп, көлікке тиеп, Қостанай өңіріне жөнелттік», - деді волонтер Мира Есниязова.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысынан қостанайлықтарға 30 тонна гуманитарлық көмек жіберілгенін хабарлаған болатынбыз.