Атырауды қалың тұман басып тұр

Фото: Ашық көздерден алынған фото
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласын қалың тұман басып тұр. Осыған байланысты полицейлер көлік жүргізушілеріне ескерту жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қолайсыз күн райы жолдардағы қозғалысты қиындатып, қауіпті тудырады.

«Тұман – жол-көлік оқиғасына себепші болатын ауа райы құбылыстарының бірі. Мұндай кезінде басқа көліктерге дейінгі арақашықтықты анықтау қиынға соғады. Қарсы немесе қатарлас бағытта келе жатқан көліктердің жылдамдығы дұрыс байқалмайды. Сондықтан, тұман кезінде жолда жүру ережесіне сәйкес алдағы көлікті басып озуға тыйым салынады. Тұманда көліктің алысқа жарық түсіретін шамын қосуға болмайды. Бұл тұманға түскен жарықты көзге шағылыстыруы мүмкін. Жақынды көрсететін шаммен қатар, фардың тұманға қарсы жарығын пайдалану керек. Тұманға қарсы артқы шамды қосуды ұмытпаған абзал. Бұл габариттік шамнан жарығырақ жанады. Әрі көліктіерді соқтығысудан сақтайсыз. Жылдамдықты азайтып, арақашықтықты барынша алшақ ұстаған жөн», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Полицейлердің айтуынша, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі – жол қозғалысы ережелерін сақтамау.

«Жылдамдық режимін арттыру және маневрлеу қағидасын бұзу қауіпті саналады. Табиғаттың құбылысы қозғалысты қиындатып, апатқа әкеліп соқтыруы мүмкін. Сол себептен, ауа райы құбылып тұрған кезде алыс сапарға шығудан бас тартқан жөн. Жолға шыққан жағдайда, арнайы қағидаларды ұстануға, ұқыпты болуға, көлікті жүргізу кезінде телефонмен сөйлеспеуге, қауіпсіздік белдігін тағуға кеңес береміз. Осындай қарапайым шаралар сақталса, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнбейді», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жыл басынан бері жол апатынан 24 адам көз жұмғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар