Бұған дейін WhatsApp мессенджерінде «10 желтоқсаннан бастап Атырауды карантинге жабады» деген ақпарат тараған. Атырау облысының әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Бұл ақпарат негізсіз. 2021 жылғы 8 желтоқсанда Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №24 «Атырау облысында шектеу карантиндік шаралары және оларды кезең-кезеңімен жеңілдету туралы» қаулысы шықты. Онда Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 29 қыркүйектегі №23 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Жаңа қаулыда Атырау облысының толық карантинге жабылғаны туралы мәлімет көрсетілмеген», - деп хабарлады облыс әкімдігінен.
Әкімдік жалған ақпарат таратқандарға емес, тек ресми дереккөздерге сенім артуға шақырды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанын жазған едік.