Атыраудың балығы елордалықтардың зор сұранысына ие

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың бас алаңында Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өтуде.

Жәрмеңкені Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев аралап шықты.

«Бүгін міне өздеріңіз көріп отырғандай, Астанаға еліміздің екі үлкен батыс өлкесі Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары ат басын бұрып отыр. Осыған дейін жәрмеңкесін өткізген аймақтар сияқты олар да өз өңірлерінде өнідірілетін өнімдерін әкеліп, халыққа ұсынуда. Батыс Қазақстан облысы еттен бастап, көкөніске дейін 500 тоннадан астам азық-түлік әкелді. Жалпы, әкелінген өнімдер қаладағы базарлардың бағасымен салыстырар болсақ 15-20 пайызға арзан саудалануда», - деді елорда әкімі.

Сонымен қатар И.Тасмағамбетов Атырау облысы мұнайлы өлке болғандықтан ауыл шаруашылығы басқа өңірлермен салыстырғанда жақсы дамымағандығын қаперге салды. Сондай-ақ оның басты себебі аймақтың ауа райы жайсыздығына, жер құнарының ауыл шаруашылығын дамытуға келмейтіндігінде екендігін атап өтті.

«Сондықтан да Атыраудың ең басты әкелген тауары - балық өнімі. Былтырғы жәрмеңкеде балық өнімдеріне сұраныс жоғары болғандықтан осы жолы дәл осы өнімге баса назар аударып, молынан әкелді», - деді қала басшысы.

Шынымен де, бұл жолы Атырау облысы жәрмеңкеге сазан, табан, көксерке сынды 60 тонна балық әкелген екен. Дәл осы өнімдерге елордалықтардың тарабынан сұраныстың жоғары екендігі анық байқалады. Балық сатып алу кезегіндегі қалалықтардың саны аз емес.