Атырау облысының энергетикалық кешені баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған жылу пункттерінің жабдықтарын жөндеу себеп болып отыр.
«Қала тұрғындарына «Атырау жылу желілері» АҚ-ның жылу пункттерінің жабдықтарын тексеруге байланысты жөндеу жұмыстары жүргізілетінін хабарлаймыз. Бұл – кәсіпорынның күрделі жөндеу жоспарына сәйкес атқарылатын жұмыс. Сол себептен, 14-18 тамыз аралығында жекелеген мекенжайлар бойынша ыстық су беру уақытша тоқтатылады», - деп хабарлады энергетикалық кешеннің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, үш жылу пунктінде жабдықтарды жөндеу басталған. Соған байланысты «Ұшқын» орталық жылу пунктінен Азаттық, Қарымсақов, Стахановцев, М.Әуезов, Молдағалиев, Шәріпов, 8-наурыз көшелеріндегі 30, «Вокзал маңы-5 шағын ауданындағы №56 жылу пунктіне қарайтын 29, М.Баймұханов көшесінде орналасқан 3 тұрғын үйге ыстық су беру тоқтатылды.
Сондай-ақ «Лесхоз» орталық жылу пунктінен «Лесхоз» шағын ауданындағы 38, ал Медеубаев көшесіндегі бір үйдің тұрғындары ыстық сусыз отыр.
Ал бүгін, 15 тамызда Ә.Молдағұлова көшесіндегі Д-355 мм су құбырында авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Сол себептен сағат 10:00-ден 18:00-ге осы маңдағы 14 көшеде орналасқан тұрғын үйлер мен кеңселерге, өзге де нысандарға салқын су беру тоқтатылды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудың бір бөлігінде тағы 4 күн ыстық су болмайтынын жазған едік.
Кейін кәріз коллекторындағы ақаудан бір шағын аудан сусыз қалғанын хабарлаған болатынбыз.